Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Картамен төлем қабылдамаса не істеу керек?

Қызылорда облысы Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің «Ашық есік күні» іс-шарасында үш адам дәл осындай жағдайға тап болған.

Яғни, сатушылар тек ақшамен төлеуді талап етіп, картамен төлеуден бас тартқан. Бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр, себебі барлық адам дүкендер картамен төлем қабылдауға міндетті екенін біле бермейді. Егер дүкенде төлем терминалы болса, онда сатушы картамен төлемді қабылдауға тиіс.

Қазіргі кезде ақшасыз төлем көптеген сатып алушылар үшін қалыпты жағдайға айналды. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер әлі күнге дейін ескі әдіспен жұмыс істеуді жөн көреді. Кездесуде осындай жағдайларда қалай әрекет ету керектігі талқыланды. Сатып алушылар картамен төлемді талап етуге толық құқылы, ал сатушының бас тартуы – бұзушылық болып табылады.

Департамент өкілдері картамен төлемді қабылдаудан бас тартқан жағдайда сатушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсіндірді. Сонымен қатар, қатысушыларға тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізілгені туралы айтылды.

Сондай-ақ, тұтынушылар құқықтарын қорғаудың басқа құралдары, мысалы, ұялы телефон немесе компьютер арқылы шағымдарды жіберуге болатын e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі туралы да айтылды.

Егер сіз картамен төлемді қабылдаудан бас тартқан жағдайға тап болсаңыз, оны бекітіп, тұратын жеріңіз бойынша тиісті органға шағымдана аласыз.

Обсуждение закрыто.